Бүгін Филиалдың кітапхана ісі жөніндегі бас маманы Сеитказиева З.С. кітапханашылар күніне орай ұйымдастырылған «Заманауи кітапхана: мазмұн мен форматқа жаңаша көзқарас» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, пленарлық кезеңінде «Мектеп кітапханашыларының кәсіби даму жүйесіндегі біліктілікті арттыру курстарының маңызы» тақырыбында баяндама оқыды. Инновациялық процестер кезеңінде мектеп кітапханасының заман талабына сай жаңаша келбетін қалыптастыру мақсатында өткізілген конференцияға Түркістан облысы «Білім беруді дамыту орталығы» КММ директоры Төлімбет Б.Н., ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Жолдыбалинов Н.Н., Ұлттық Сауаттылық қауымдастығының директоры, оқытушы тренер Рахымбаева М., «Оқу-ағарту академиясы» ЖШС директоры, Педагогтер мен балаларға арналған «ЫБЫРАЙ» республикалық оқу-ағарту журналының бас редакторы Есен Б.А., Созақ ауданы орталық кітапханасы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ- нің директоры Бейсехулова Э.Қ. қатысып, үздік тәжірибелерін ортаға салды. Конференция жұмысы секцияларда жалғасты: Қазіргі кітапханадағы электрондық ресурстар: жағдайы және даму тенденциялары; Көркем әдебиеттің бала өміріндегі тәрбиелік маңыздылығы; Оқу сауаттылығын арттырудағы кітапхана жұмысының жаңашылдығы; Отбасылық кітап оқу – мәдениет пен интеллектуалдық жетістіктің іргетасы. Конференция жұмысына аудандық, қалалық білім бөлімдерінің кітапхана ісі әдіскерлері, мектеп, колледж кітапхана меңгерушілері мен кітапханашылары, жалпы 315 адам қатысты. Кітапханалардың қоғамдағы мәртебесін арттыру, жаңартылған білім беру жағдайында мектеп кітапханаларының қызметін жаңартуды көздеген іс-шара соңында қатысушылар цифрлық дәуірдегі кітапханашының жаңа қабілеттері мен міндеттерін жетілдіру бағыттарын ұсынды.

- 27 Окт
- 2023