Қазіргі таңда ауыл мектептерінде заманауи білім беруде оқытудың жаңа мазмұны мен формасы енгізіліп, педагогтердің зерттеушілік, функционалдық сауаттылықтарын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институты а.ж. 30 қазан күні Меркі ауданы №44 жалпы орта білім беретін мектеп педагогтеріне әдістемелік көмек көрсету бойынша бірлескен жұмыс жоспары аясында «Мұғалімдердің пәндік және әдістемелік құзыреттілігін арттыру» тақырыбында ауқымды іс-шара өткізілді.
Институт директоры С.С.Құрманбекованың қатысуымен өткен семинар аясында мектептегі білім беруді өзгертудің бірқатар өзекті мәселелері талқыланды:
-оқушыларға үйреншікті ортада ыңғайлы қарым-қатынас жасау үшін заманауи оқыту технологияларының үздік аспектілерін тәжірибеге енгізу;
-мұғалімдер мен оқушыларды оқуға ынталандыратын білім беру тәжірибесін жүзеге асыру жолдары;
-Балалардың сыни рефлексиялық ойлауын дамыту мәселелері;
-Мектепте қолайлы білім беру ортасын құру;
-Мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесі;
Мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пән мұғалімдеріне «Мұғалімнің зерттеушілік әрекетін мектеп жағдайында қалай ұйымдастыруға болады?», жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән мұғалімдеріне «STEM білім беру технологиясын жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытуда қолдану», бастауыш сынып мұғалімдеріне «Үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс жүргізудің тиімді тәсілдері» тақырыптарында секция жұмыстары ұйымдастырылып, теориялық, әдістемелік, тәжірибелік көмек берілді.
Кездесу барысында педагогтердің біліктілігін арттыру, курстан кейінгі әдістемелік қолдау, нәтижеге бағытталған бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру және педагогтердің кәсіби дамуына байланысты ой-пікірлер айтылды.
Сонымен қатар, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету мәселелерін талқылап, алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітіліп, бірлескен меморандумға қол қойылды.