14 ақпанда Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының «Қайырымды қала» залының алдында халық ақыны Орынбай Таймановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Боралдайдың бозторғайы» тақырыбында әдеби кеш болып өтті. Мақсаты: халық ақыны Орынбай Тайманов өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, еңбектерін насихаттау және сүйіп оқуға баулу. Әдеби кешке қаламыздағы №28 мектеп пен Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушылары мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, кітапханашылар, әдебиет зерттеушісі Құралбек Ергөбеков қатысты. Әдеби кештің барысында, 5 баяндама тыңдалып, онда суырып салма ақындық (айтыскерлігіне) өнеріне, күйшілігіне, әншілігіне, ақын туралы Жамбыл, Нұралы, Үмбетәлі, т.б. ақындардың естеліктері, шығармаларының негізгі тақырыбы мен идеясына, өлеңдерінің дені белгілі бір оқиғаға, сюжетке құрылуы және көркемдік қуатының жоғары екендігіне басымдық берілді… Сондай-ақ, дәстүрлі әнші, термеші Тәттімбет Керейдің орындауындағы «Асанқайғы толғауы» мен Қ.Сариннің «Тәуелсіздікке тарту» әндерімен бірге, 25 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушылары Орынбай Таймановтың өлеңдерін жатқа оқыды. Кеш соңында оқушылар тарапынан қойылған мына төмендегідей: Орынбай Таймановтың туылған жылы туралы мәліметтердің әртүрлі берілуі мәселесі төңірегінде (Мысалы: бір жерде, 1884 жылы деп бірілсе, екінші жерде 1867 жылы), шын мәнінде қай жылы туылған?, неге 40 жыл назардан тыс қалып отырған? Соншалықты мықты, жүйрік, дүлдүл ақын бола тұра тасада қалып қоюының негізі себептері қандай? Қанша күйлері бар? Зерттеушілер кімдер? Ізін жалғастырушылар бар ма?, т.б. көкейлеріне сол сәтте ұялаған сұрақтарға жауап қарастырылды. «Өрлеу»біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ» Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты «Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру» кафедрасының аға оқытушысы Жанысбек Л.Қ.

- 14 Фев
- 2024