Бүгінгі мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудағы проблема-оқушылардың оқу сауаттылығы, сөйлеу мәдениеті мен ақпаратты талдау дағдыларының жеткіліксіз дамуы. Мектеп жасындағы балалардың тек оқу техникасын меңгеруі қазіргі таңда қабілеттілік болып есептелмейді.Осы проблеманы талдап қана қоймай, оны шешудің тиімді жолдарын кәсіби қауымдастық арқылы анықтауға болады.
А.ж. 15 ақпан күні Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институты мен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасымен келісілген жоспарға сәйкес «Оқу сауаттылығын дамыту және қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуға жаңаша көзқарас» тақырыбындағы облыстық семинар Тараз қаласындағы №54 орта мектеп базасында өтті. Семинардың мақсаты-білім алушылардың оқу сауаттылығын дамытуға бағытталған үздік тәжірибелерді тарату және қазіргі қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнін оқыту салаларындағы озық идеяларды талқылау.
Семинар барысында «Педагогика және пәндік әдістер» кафедрасының меңгерушісі Қарымбаева Сағадат білім алушылардың оқу сауаттылығы дағдыларын дамытуда пәнді оқытудағы жаңашылдық пен мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі деңгейіне қатысты оқыту семинарын жүргізді.
Семинар аясында 2023 жылы біліктілік арттыру курсынан өткен педагогтер үшін курстан кейінгі қолдау жұмысының сабақты бақылау кезеңі қатар ұйымдастырылды. Семинар қатысушылары қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында табысты қолданылып жүрген әдіс-тәсілдер мен нақты тапсырмалар топтамасымен таныстырылды.
Облыстық семинарда №54 орта мектептің жаңашыл мұғалімдері-Алдабергенова Гаухар мен Болжырова Алтынай шеберлік сынып көрсетсе, Карбаева Айнұр мен Нұрбаева Света білім алушылардың қатысуымен панорамалық сабақтар өткізді. Тараз қаласындағы «Абай» атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназиясының мұғалімі, педагог-зерттеуші Ермекбаева Алмаш оқу сауаттылығын дамытуда пәнді тереңдетіп оқытудың тиімді тәсілдерімен бөлісті.
Іс-шара соңында облыс көлемінде озық тәжірибелерімен бөліскен педагогтер алғысхаттармен марапатталды, онлайн және офлайн форматта қатысқан педагогтер тарапынан ұсынылған кері байланыс кезеңінде қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.