Ү.ж. 15 наурыз күні Меркі ауданының «Балдәурен» бөбекжай-бақшасында мектепке дейінгі ұйым педагогтері үшін «Өрлеу»-Жамбыл қызметкерлері, аға оқытушылар Айгул Абилова мен Мадина Садибекова «Қазіргі балалардың популяциялық жағдайы, балалардың даму ерекшеліктері» тақырыбында облыстық семинар өткізді.
Семинар аясында Айгул Абилова білім беру қажеттіліктері бар балалардың санаттарына тоқталып, балалардың дамуындағы ауытқулардың дизонтогенезіне талдау жасады және осы бұзылулардың себептерін анықтады. Ерте жастан бастап мектеп жасына дейінгі кезеңдегі бала дамуының жас кезеңдері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Аналардың репродуктивті денсаулығын сақтауға, балалардың мінез-құлқындағы күйзелістер мен дағдарыстарға қатысты ақпараттар берілді, сонымен қатар мектеп жасына дейінгі балалардың физиологиялық, сөйлеу, танымдық және жеке дамуы жан-жақты қарастырылды.
Мадина Садибекова М.Монтессори әдістемесі арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларымен жұмыс жасау ерекшеліктеріне тоқталып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу бойынша тәжірибелік жаттығулар түрін көрсетті. Сонымен қатар, Альфа ұрпағын тәрбиелеуде Монтессори әдісінің тиімділігімен бөлісті.
Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері ерте, кіші, орта және мектепалды топтарының балаларымен интерактивті сабақтар көрсетті. Ұйымдастырылған іс-әрекеттер балалардың ұсақ моторикасын дамытуға, сенсорлық ойындар, коммуникативті дағдыларды дамытуға, физикалық қабілеттері мен танымдық дағдыларын дамытуға арналған мақсатты ойындар арқылы ұсынды.
Семинар-практикум қорытындысында педагогтер іс-шараның ұйымдастырылуына жоғары баға беріп, өзектілігін, практикалық маңыздылығын атап өтті.