Ағымдағы жылдың 29 ақпанынан бастап педагогтерді аттестаттау Ережесінің жаңа жобасын Алматы қаласының педагогтері үшін түсіндіру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Алматы қаласы бойынша мектепке дейінгі білім беру, орта және арнайы білім беру, қосымша білім беру ұйымдары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарларына аттестаттау Ережесінің жаңа жобасы бойынша түсіндірме жұмыстары онлайн форматта жүргізілді.
Түсіндірме жұмыстарын педагогтерді аттестаттау бойынша мобильді топ мүшелері әрбір білім деңгейіндегі білім беру ұйымдары басшылары мен басшы орынбасарларын жинап, олардың жұмыс ерекшелігіне сай Ережеге енгізілген өзгерістерді түсіндірді. Ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында педагогтерден түскен кері байланыстар мен ұсыныстар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің педагогтерді аттестаттау бойынша жұмыс тобына сараланып жолдануда.
Педагогтердің кері байланысы және олардың аттестаттау ережелерін әзірлеу процесіне қатысуы еліміздің білім беру сапасын және педагогтердің үздіксіз кәсіби деңгейін арттыруға көмектесетін тиімді және әділ біліктілікті бағалау жүйесін құрудың шарты болатындығы айқын.





