Қазіргі ақпараттық технологиялар әлемінде цифрлық сауаттылық өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Цифрлық технологияларды тиімді пайдалану ақпаратты өңдеу, коммуникация және онлайн ортада бейімделу қабілетімізді анықтайды. Әсіресе, Қазақстанда цифрлық сауаттылық мәселесі өзекті және ерекше назар аударуды талап етеді. Бүгін Махамбет Өтемісов атындағы БҚУ филология факультетінде «Білім беру жүйесінде оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін пайдалану арқылы педагог кадрлардың әдістемелік шеберлігін жетілдіру» әдістемелік айлық аясында «Өрлеу» БҚО филиалының кітапхана ісі бойынша бас маманы Индира Бадакова «Болашақ мектеп кітапханасы мамандарының кәсіби даму жүйесінде медиа-ақпараттық сауаттылықты қалыптастыру» тақырыбында шеберлік сағат өткізді.
Басқосуға филология факультетінің деканы, доктор PhD Айдарбек Акбулатов, декан орынбасары Санди Сатагалиева және аға оқытушы, магистр Мейрамгүл Насырова қатысты.
Шеберлік сағаттың мақсаты: мектеп кітапханашыларының IT-қабілетін қалыптастыру және дамыту, кітапхана қызметін жаңа деңгейде ұйымдастырудың негізгі бағыттарын насихаттау.
Шараға қатысушылар жасанды интеллект арқылы ақпаратты іздеу, өңдеу жолдарын меңгеру, сандық ресурстарды пайдалану арқылы оқытуды ұйымдастыру, онлайн cервистердің көмегімен интерактивті-мультимедиялық тапсырмалар құру сынды тиімді әдіс-тәсілдерді меңгерді. Студенттер шара соңында топтық тапсырмаларды орындап, өз ойларымен бөлісті.
Студенттердің ақпараттық сауаттылығын дамытуға, шығармашылық идеяларды іске асыруға және өзіндік білімін көтеруге мүмкіндік беретін мазмұнды шаралар алдағы уақытта жалғасын таппақ.



