А.ж. 16 тамыз күні «DIGITAL KAZAKHSTAN: ЖАҢА ЗАМАНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ» тақырыбымен Жамбыл облысы білім беру қызметкерлерінің Тамыз кеңесінің пленарлық кеңесі өткізілді. Жасанды интеллектіні, цифрлық білім беру ресурстарын пайдаланатын үздік білім беру ұйымдарының көрмесі, панельді сессиялардың жұмысы ұсынылып, «Жамбыл облысы білім беру жүйесінің дамуы» туралы бейнебаян көрсетілді.
Өңірдегі ауқымды шараға облыстың әр деңгейдегі білім беру ұйымдары басшылары мен педагогтері, білім басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлері, оқу-әдістемелік орталық пен аудандық/қалалық әдістемелік кабинет әдіскерлері, білім саласының ардагерлері, үздік педагог-көшбасшылар, қоғамдық ұйымдардың белсенділері, ата-аналар қауымдастығының өкілдері, жергілікті атқарушы билік өкілдері, басқа да білім саласының қызметкерлері шақырылған.
Пленарлық кеңеске ҚР Оқу-ағарту министрлігі өкілі, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, педагогика ғылымдарының кандидаты Шилибекова Айдана Сенбековна мен облыс әкімі Қарашөкеев Ербол Шырақпайұлы қатысты. А.С.Шилибекова кеңес қатысушыларына республика деңгейінде білім саласының әр деңгейде дамуы мен атқарылған жұмыстар қорытындысы, барлық саладағы қол жеткен табыстар туралы жан-жақты талдау жасады, жаңа оқу жылына айқындалған мақсат-міндеттерді жүзеге асырудың тиімді жолдарымен таныстырды.
Кеңесте Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Садырқұлов Рауан Нұрғалиұлы «Цифрландыру жағдайында білім беру сапасын қамтамасыз ету – басты мақсат» тақырыбында баяндама жасап, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға талдау, алдағы оқу жылының міндеттерімен бөлісті. Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің директоры Бодаубеков Әлішер Рустамұлы «Жасанды интеллект оқытуды даралау дәуіріндегі оқытушының жеке көмекшісі ретінде» тақырыбында пікір алмасса, Қазақстан жасанды интеллект ассоциациасының сарапшысы Нұртазаев Айбек Әшірбекұлы «Жасанды интеллект негізінде озық талдау технологияларын ұсыну арқылы білім беру ұйымдарында қауіпсіз және жайлы ортаны қамтамасыз ету» тақырыбымен тәжірибе бөлісті.
Сонымен қатар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Омаров Даурен Даниярбекұлы «Білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою» тақырыбында, «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мағзымбеков Ерұлан Сабенұлы «Адами капиталды дамытудың негізі – ұстаз мәртебесі» тақырыбында ой-пікір алмасты.
Пленарлық кеңестің соңында Жамбыл облысының білім саласын дамытуға үлес қосқан білім беру ұйымдары мен сала қызметкерлері марапатталды.