«Мақсатты мектеп» жобасына енген мектеп басшыларына арналған «Мектептегі білім сапасын басқару: стратегиядан практиға» тақырыбында семинардың екінші күнгі жұмысы Орал қаласы эстетикалық бағыттағы гимназиясында жалғасты. Семинар жұмысына мақсатты мектеп басшылары, мектеп директорлары, мектеп директорының орынбасарлары, ментор-әдіскерлер, мүдделі ұйым басшылары қатысты. «Барлығына қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасы шеңберінде берілген «943 – елдің нысаналы мектептерін дамыту» жобасын іске асыру мақсатын көздеген семинарда әдістемелік орталық директоры Гүлмира Кубашева жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Семинар жұмысы «Командалық күш» топтық тимбилдингпен басталды. Сессиялық жұмыстар «Мектептің даму стратегиясындағы ата-аналардың рөлі» питч блок тақырыбында «Мектепті дамыту стратегиясында ата-аналарды қолдау», «Ата-аналардың мектеппен өзара әрекеттесу формалары», «Мектептегі жетістіктерді бағалаудағы ата-аналардың рөлі», «Ата-аналардың мектеп өміріне қатысуының сәтті мысалдары» тақырыбы аясында жалғасып, қатысушылар теориялық білімді тәжірибеде қолдануға машықтанды.
«Тиімді кері байланыс – команданы сәтті басқаудың кілті» тақырыбында «Команданы сәтті басқарудың аспектілері», «Кері байланыстың принциптері мен түрлері», «Топпен қарым-қатынас жасаудың тиімді әдістері», Қызметкерлерді кері байланыс арқылы ынталандыру әдістері» карусель әдісі арқылы жалғасты.
Түстен кейінгі шара «Дарын» қосымша білім беру орталығында табиғат аясында «Ішкі және сыртқы бағалауды жүргізу ерекшеліктері» тақырыбында ұйымдастырылды.
Қатысушылар мектепте білім беру сапасын жақсарту стратегиясын іске асырудағы бағалаудың рөлі, әкімшілік және педагогтердің өзін-өзі талдауы, ішкі және сыртқы бағалауды жүргізу кезеңдері, білім сапасын жақсарту үшін бағалау деректерін пайдалану жайында толық ақпарат алып, іс-тәжірибелерімен танысты.







