Соңғы уақыттарда трендке айналған 4к моделі оқу процессінде жиі қолданылады, ол оқушылардың потенциалын ашуға зор септігін тигізетін әдіске айналды десек те болады. 4к моделі арқылы білім алушыларды шешендік өнерге баулу, сөйлеу дағдысын дамыту туралы Индербор кенті М.Әуезов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Көргенов Қуандық өзінің іс-тәжірибесі туралы сөз тарқатты:
- Жас ұстаз ретінде оқушылармен қалай тиімді қарым-қатынас орнату керек деп ойлайсыз?
Баршамызға мәлім, қазіргі уақытта әлемдік стандарттар мен трендтер өте тез уақытта өзгеріске түсіп, жаңа құндылықтар пайда болуда. Әйгілі тарихшы Юваль Нұх Хараридың «21 ғасырға арналған 21 сабақ» атты ғылыми еңбегінде айтылғандай «Білім беру жүйесі ғасырлар бойы өзгерістерге ұшырап, жаңа талаптар мен тенденциялармен үнемі дамып келеді. Осы даму жолында маңызды рөл атқаратын тұлғалардың бірі – ұстаз. Әсіресе жаңа мектепке келген жаңашыл ұстаз білім берудің сапасын арттыруда үлкен рөл атқарады. Мұндай ұстаз тек пәндік білім ғана емес, сонымен қатар жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізу арқылы да оқушылардың оқу процесін тиімді әрі қызықты ете алады.» Жаңашыл ұстаздың негізгі ерекшеліктерінің бірі – оның заманауи педагогикалық әдістемелерді қолдануы.
- Сіз өзіңіздің іс-тәжірибеңізде қандай жаңашыл әдістерді қолданасыз?
Педагогикалық әдістемелердің бірі және бірегейі ретінде 4К моделін пайдалану туралы айтар едім. 4К моделіне тоқталсам: бұл әртүрлі салаларда қолданылатын төрт негізгі дағдыны білдіреді. Олар: Сыни ойлау (Critical thinking), Шығармашылық ойлау (Creativity), Коммуникация (Communication), Ынтымақтастық жұмыс (Collaboration). ХХІ ғасырда әлемдік талапқа сай білім алу үшін әр оқушыда тұлға ретінде сыни ойлай алу, шығармашылықпен ойлау, командамен жұмыс істей алу, ынтымақтаса отырып өз ой-пікірін айтуы және пайымдап, шешімдер шығара алу, бір тапсырмадан екіншісіне тез ауыса алу дағдыларын меңгертудің тиімді әдіс тәсілдерін тәжірибемде пайдаланудамын.
- Ал бұл модель арқылы оқушыларды қалай шешендік өнерге баулуға болады?
4К моделі мектеп оқушыларының тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдылары және шешендік өнерін дамытуда өте пайдалы құрал бола алады. Шешендік өнер – бұл аудиториямен тиімді қарым-қатынас орнату, идеяларды сенімді түрде жеткізу және тыңдаушыларға әсер ету қабілеті. 4К моделі арқылы шешендік өнерді дамытуға болады, өйткені бұл модельдің әрбір дағдысы шешендіктің әр түрлі аспектілерін жақсартуға көмектеседі.
Оған дәлел оқушынының Сыни ойлау (Critical Thinking) дағдысы оқушыларымның сөйлеу тақырыбын жақсы білуі және тақырып бойынша деректер жинау, зерттеу, ақпаратты терең талдау, дәлелдерді салыстыру және қарсы пікірлерді сүзгіден өткізе алу дағдылары дамыды. Аргументтерді тиімді құру және жүйелі түрде ұсыну үшін сыни ойлануы оқушыға өзінің позициясын дәлелдеп, аудиторияны сендіруде көмек берді. Пікірталас ойындары немесе ақындар айтысы кезінде өз ойын қисынды аргументтер арқылы жеткізген оқушы жеңіс тұғырына көтерілді. Сыни ойлау оқушыға да, бізге де аудиторияның сұрақтарына жауап беру кезінде мәселені талдай және дұрыс жауап бере білуге мүмкіндік беруде.
Шығармашылық Ойлау (Creativity) дағдысын меңгерген оқушыларым шешендік өнерде тыңдаушыларды қызықтыру үшін шығармашылық идеялар мен тың шешімдер ұсына алады. Шығармашылықпен ойлау арқылы ақпаратты визуалды түрде көрсету, қызықты метафоралар мен әңгімелер қолданып әсерлі презентацияларды цифрлық білім беру ресурстарын, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып жасауға дағдылануда. Шығармашылық тұрғыдан сценарийлерді жазу арқылы сөйлеудің құрылымын жақсарту және аудиторияның қызығушылығы артып келеді. Жаттығулар мен семинарларда шығармашылық тәсілдерді дамытып, оқушынының рөлдік ойындар, сөйлеу дағдысын жетілдіру жаттығулары (белгілі бір шығарма кейіпкерінің атынан сөйлеу немесе ойтолғау жазу), әр түрлі өлең формаларын шығару мен креативті жазу жаттығулары арқылы білім, білік, дағдыларын қалыптастыруда.
Коммуникация (Communication) дағдысы оқушыларымның өз идеяларын нақты және түсінікті түрде жеткізу қабілеті артады. Егер оқушы ақындар сайысына қатысатын болса музыкалық аспапты жетік меңгеруі аудиториямен дұрыс қарым-қатынас орнатуға септігін тигізді. Жақсы артикуляция мен дауыс тоны аудиториямен байланыс орнататуына мүмкіндік берді. Коммуникацияда тыңдаушылардың реакциясын бақылап, олардың сұрақтары мен пікірлеріне дұрыс жауап беруге, аудиториямен байланыс орнату және олардың пікірлері мен сұрақтарына негізделген кері байланыс ұсыну дағдылары артты. Сөйлеу жаттығулары мен пікірталастарға қатысу әр түрлі аудиториялармен практикалық тәжірибе алмасу оқушының сыртқы ортамен коммуникация орнатуына көмектесті, тәжірибесін толықтырды.
Ынтымақтаса отырып жұмыс істеу (Collaboration) дағдысы оқушыларымның топта бірлескен түрде жұмыс істеу барысында ынтымақтастық орта қалыптастырды. Дебаттық сайыстарда, жоба жұмысында, шешендер арасында ой бөлісуде, өзара пікірлерін ескеріп біріккен түрде жұмыс жасауы қалыптасты. Бұл табысты мектептегі табысты мұғалімнің табысты оқушысына айналуға мүмкіндік беруде. Осы айтқандарымның негізінде 4К моделі шешендік өнерді дамытуда әр түрлі аспектілерді жақсартуға мүмкіндік беретініне көз жеткіздім.
- Осы еңбегіңіз қандай нәтижелерге әкелді?
Оған дәлел 4К моделімен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Атырау облысының Индер ауданы, Индербор кентінің М.Әуезов атындағы орта мектеп оқушылары кешегі өткен Махамбет Өтемісұлы мен Мұрат Мөңкеұлы бабаларымыз секілді тілімен от көсеген қара сөздің қас шеберлерінің ізін басып, түрлі сайыстарда бақ сынап мектеп намысын қорғап жүр.
Мектепте менің басшылығыммен «Парасат майданы» жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Жобаның қатысушылары ақындар айтысы бойынша аудандық, облыстық, Республикалық деңгейдегі жүлделерге ие болып жүр. Мектеп оқушыларының тұрақты түрде ақындар айтысы шараларына қатысып жетістіктер шыңына жетуі мектебімізді Республикамыздағы іргелі оқу ошақтарының біріне айналдыруда. Оқушылардың ақындық өнерлерін шыңдауда, шешендік өнерін дамытуда өзімнің пайдаланып жүрген «Ақындық әліппесі» авторлық технологиям осы жетістікке жету үшін негізгі баспалдақ болды.
Ол қандай технология? Толығырақ айтып өтсеңіз?
Авторлық технологияма тоқталып өтейін. Оқушылар қазақ жазба әдебиетіндегі кез келген поэзиялық шығарманы таңдап, сол шығарманың ұйқас, буын, бунақ саны мен жүйесін өзгертпей басқа мағынадағы өлең шығару тапсырылады. Мысал ретінде оқушыларға Абай Құнанбаевтың «Қыс» өлеңінің алғашқы шумағы беріледі:
«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды».
Оқушының келесі қадамы: осы өлең жолдарының тек ұйқасатын сөздерін ғана қалдырып, өз өлең шумақтарын шығарады.
…………………………….. ақ сақалды,
…………………………….. тірі жанды.
………………………………..
………………………………. келіп қалды.
Оқушы өлеңнің формасын сақтауға, ұйқас құрау, буын санын сақтауға дағдыланады. Сыни ойлауы мен қиялы дамып шығармашылықпен ізденеді.
«Ұшқыр ой алаңы» дебат бәсекесінде де оқушыларым кретивті шешімдер қабылдап, сыни ойлана алды. Командада еркін жұмыс жасап, өз ойларын сыртқы ортаға тиянақты жеткізуінің арқасында облыстық деңгейдегі бәсекелерде өздерін дәлелдеді.
Бұл табыстарымыз алдағы уақыттарда да өз жалғасын табады деп сенеміз, сол жолда тынбай еңбектенеміз.
- Тамаша көрсеткіш! Сізге және оқушыларыңызға толағай табыс тілейміз! Ұстаздар күні қарсаңында әріптестеріңізге жылы лебізіңізді білдірсеңіз?
Аяулы ұстаздар, қымбатты әріптестер! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Оқушылар бойына бүкіладамзаттық құндылықтарды сіңіру жолындағы шабытты еңбектеріңіз жемісті болып, педагогика саласының биік шыңдарын бағындыруларыңызға тілектеспін!!!


