Мұғалімнің кәсіби дамуы – заманауи білім берудің басты талабы

Білім сапасы – ұстаздың шеберлігімен өлшенеді. Бүгінгі жаһандану дәуірінде әрбір педагогтің кәсіби дамуы білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі болып отыр. Ұстаздардың шеберлігін жетілдіру – ұрпақ тәрбиесіне қосылған баға жетпес үлес. Осы ретте «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының педагогтердің кәсіби дамуына ықпалы ерекше.

Институттың басты мақсаты – мұғалімнің әлеуетін ашу. Бұл орталық ұстаздарға білім беру үдерісінде заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруге және инновациялық технологияларды қолдануға мүмкіндік береді. Әсіресе, жас мамандар үшін мәдени, зияткерлік және рухани даму бағыттарында кәсіби көмек көрсетілуде. Ахмет Байтұрсынұлының «Мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені ол – мектептің жүрегі» деген сөзі бұл орталықтың ұстанымымен үндеседі.

Ауыл мектебінің білім сапасын арттыру – басты назарда. Білім беру саласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту. Осы мақсатта Қазақстанда «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасы іске қосылды. Бұл бастама ауылдық мектептердің инфрақұрылымын жаңғырту, білім беру сапасын жақсарту және кадрлық әлеуетті арттыру арқылы ауылдық оқушыларға сапалы білім беруді қамтамасыз етеді. Осыған байланысты «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы ауылдық мектептерге арнайы семинарлар, шеберлік сыныптары мен әдістемелік көмек көрсету жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл – ауыл ұстаздарының кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, ауыл оқушыларына да сапалы білім алуға мүмкіндік береді.

Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылатын маңызды қадам. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл жобаның алғашқы нәтижелері туралы:

«Мемлекет педагогтерді қолдау және қолайлы білім беру ортасын құру үшін орасан зор шаралар қабылдауда. Президенттің тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы аясында ауылдық мектептердегі білім сапасы бір жыл ішінде орта есеппен 7-9%-ға өсті. Сонымен қатар, республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған ауыл оқушыларының саны 10 есеге жуық артты. Бұл – ауыл мектептерінің әлеуетін көтерудегі маңызды қадам».

Озат тәжірибені насихаттау – білімді алға жылжытудың басты қадамы. «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық бейнесабақтар мен бейнедәрістер конкурсы ұстаздардың үздік идеяларын таратуда ерекше орын алады. Жүсіп Баласағұнның «Білім – бүкіл жақсылықтың бастауы» деген сөзі дәлел бола алады.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Жамбыл облысының ұстаздарына, оның ішінде ауыл мектептеріне ерекше қолдау көрсетіп, кәсіби дамудың озық үлгісін ұсынып келеді. 2024-2025 оқу жылында бұл орталық ұстаздарға жаңа мүмкіндіктердің есігін ашып, кәсіби өрлеу жолында сенімді серіктес бола беретіні анық.

Аида Нуркеева, Жамбыл облысы Қордай ауданы,

№4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі

Наши филиалы

OUR BRANCHES

Біздің филиалдар