Ағымдағы жылдың 14 қаңтар күні «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен «TIMSS форматында 4 сыныптарда жаратылыстану және математикалық бағыттар бойынша күрделі тақырыптар мен логикалық есептерді тиімді меңгерту әдістемесі» тақырыбында облыстық семинар өткізілді.
Мақсатты педагогтердің TIMSS форматындағы жаратылыстану және математикалық бағыттар бойынша күрделі тақырыптарды және логикалық есептерді меңгерту әдістемесін жетілдіруіне жағдай жасау, заманауи оқыту технологияларын меңгеруге және оқу процесіне тиімді қолдануға бағыттау, тәжірибені жалпылау және тарату.
Семинар барысында педагогтер TIMSS форматындағы тапсырмаларды орындауға бағытталған әдістемелер мен олардың бастауыш сынып оқушыларына әсері туралы маңызды мәселелерге назар аударды.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім жетекшісі Жамалбекова Шафиға Мамырханқызы «TIMSS-2023» халықаралық зерттеуінің нәтижелері көрсеткіштеріне талдау жасай келе, білім сапасын арттыру әдістері мен бағыттары туралы ақпарат ұсынды.
Тараз қаласы білім бөлімінің әдіскері Игисинова Жайна Жандарбековна TIMSS халықаралық зерттеуі бойынша оқушылардың қабілеттері мен дағдыларын қалыптастырудағы мұғалімдердің жұмысына, математика және жаратылыстанудағы бөлімдердің күрделі тапсырмаларын оқу процесінде кіріктіру жолдарын талқылады.
Семинардың тәжірибелік бөлімінде математика пәнінде күрделі есептерді шешудің тәсілдері, логикалық тапсырмаларды шешудің тиімді жолдарын ойын түрінде көрсетіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Жаратылыстану сабақтарында функционалдық сауаттылықты арттыруға бағытталған зерттеу жұмыстарын тәжірибеде көрсетіп, күрделі тапсырмаларды әзірлеудің оңтайлы жолдарынталқылады.
Семинар соңында кері байланыс беріліп, қатысушылар өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Семинар педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған маңызды іс-шара болды. «Білім-болашақтың кілті, ал оны меңгерту-әрбір мұғалімнің міндеті» деген нақыл сөз бүгінгі іс-шараның мәнін айқындап бергендей.