2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі енгізіліп, мерекенің жаңа логотипі бекітілген еді.
Амал мерекесі – ежелден келе жатқан дәстүріміздің бірі, ағайынның амандығын сұрап, бір-бірімен көрісетін, бауырмалдықты арттыратын ерекше күн. Ғасырлар бойы қазақ халқы осы күнді Жаңа жылдың бастауы ретінде тойлап, үлкен-кіші бір-бірімен көрісіп, жылдан жылға аман-есен жеткеніне шүкіршілік еткен. Мұны Маңғыстау өңірінде «Амал мерекесі» деп, ал жалпы еліміздің батыс өңірінде «Көрісу күні» деп ерекше қарсы алады. Ата-бабамыздың өткені мен бүгінгі ұрпақтың арасындағы ұлы көштің, дәстүр мен салттың, елдіктің ерен үлгісін айшықтап көрсететін бұл мереке республика деңгейінде тойланып, тамырын тереңге жайып келеді.
«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалында бүгінгі жұмыс күні ерекше көңіл күймен басталды. Филиал ұжымы «Жасың құтты болсын!» деген ақ ниетпен құшақ жая көрісіп, Амал мерекесін атап өтті. Көнеден келе жатқан ұлттық мерекенің мәнін ашып, ұмытылып бара жатқан әдеп-ғұрыптарымызды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шарада «Аластау» дәстүрі, «Жарапазан» ғұрыптық әні, құлақ құрышын қандырар қазақтың ұлттық ән-жырлары нақышына келтіріп орындалды.
Ел Президенті «Ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі» деп бағалаған бұл мереке қашан да ағайын мен бауырдың риясыз көңілін, алғаусыз пейілін көрсететін ізгіліктерге толы күн болып қала бермек. Ұлыс оң болсын!


