Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аталып өтті

2024 жылдан бастап елімізде Наурыз мерекесінің бастапқы мәнін қайтарып, оның қыр-сырын толық ашу мақсатында Наурызнама онкүндігінің тұжырымдамасы бекітілді. Қазақ халқының басты құндылықтарының бірі – ұлттық салт-дәстүрі. Тұжырымдама тізбесіне сай 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні болып белгіленді.

Тіршілігіміздің әр табы салт-дәстүрмен сабақтасатын халқымыз үшін оның орнықты қолданылып, өмірімізді өрнектей түсуі қай ғасырда да өзекті. Бұл күні халқымыздың мәдени бай мұрасы ұлықталып, оны келер ұрпаққа жеткізудің мән-маңызы айқындалады. Ел жадында сақталған «Сүйінші сұрау», «Балаға ат қою», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», «Тұсаукесер», «Беташар» сынды ғұрыптар насихатталады.

Осы мерекеге орай «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалында Педагогика және пәндік әдістеме кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақтың ұмыт болған салт-дәстүрлері» тақырыбында халқымыздың мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрін, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналған мерекелік шара өтті.

Шара барысында «Сәбиді қырқынан шығару» салты бойынша көрініс қойылды. «Нәрестені қырқынан шыққанша суға түсіріп, шомылдырғаннан кейін кигізетін киімі «иткөйлек деп аталады. Бала қырқынан шыққаннан кейін иткөйлектің ішіне тәтті салып, түйіп, иттің мойнына байлап жібереді. Балалар итті қуып жүріп, иткөйлекті шешіп алып, ішіндегі тәттіні таласып жейді екен де, көйлекті сәби сүйе алмай жүрген аналарға не жаңа түскен келіншекке сыйлайды. Ол – сәби сүйсін деген ырым» – деп, қасиетті саналатын иткөйлек туралы құнды ақпарат берілді.

Сонымен бірге «Сіз білмейтін салт-дәстүр» деп аталатын сергіту сәті жүргізілді. Халқымыздың ұмытылып бара жатқан «Бәсіре», «Деңгене», «Ерулік беру», «Қамшы ілу», «Аунату» және «Қазан шегелеу» деп аталатын салт-дәстүрлері туралы викториналық сұрақтар қойылды.

Ертеден келе жатқан ұлттық мейрамның мәнін ашып, мәдениетімізді, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған рухани шараның қорытындысы «Қара жорға» ұлттық биімен аяқталды. Салт-дәстүрімізді ұмытпайық, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейік! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!

Наши филиалы

OUR BRANCHES

Біздің филиалдар