Көрісу күні – Амал мерекесінен басталған Наурызнаманың онкүндік шарасы бүгін «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалында «Ұлттық киім» мерекесімен жалғасты.
18 наурыз – елімізде Ұлттық киім күні ретінде атап өтілетін ерекше мереке. Бұл мереке қазақтың дәстүрлі мәдениетін жаңғыртып, ұлттық киімнің маңыздылығын насихаттауға бағытталған.
Қазақ халқының ұлттық киімі – тарихымыз бен мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Әрбір қазақы ою-өрнек, әрбір түйме мен зергерлік бұйым белгілі бір мағынаға ие. Қазақы шапан, қамзол, сәукеле, тақия, белбеу мен кебіс халқымыздың өмір салтын, эстетикалық талғамын көрсетеді.
Дәстүрлі киім арқылы мәдени дәстүрлердің бірегейлігі мен өзгешелігін көрсететін мерекелік шарада қазақ халқының ұлттық киім үлгілерінің топтамасы көрсетіліп, ұлттық болмысымызды ерекшелеп тұратын сәукеле мен бөрік, тымақ, шапан мен қасқыр ішік, кебіс туралы құнды мәліметтер берілді. Халық мұрасының маңыздылығын еске түсіретін ұлттық киімдер атауына байланысты «Наурыз мұрасы» тақырыбында зияткерлік ойыны өткізілді. Сонымен бірге «Ең, ең, ең әдемі» ұлттық киімдер сайысы ұйымдастырылды. Қызықты әрі тартымды өткен сайыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, сый-сыяпаттармен марапатталды.
Еліміздің әрбір азаматын өз мәдениеті мен ұлттық бірегейлігін мақтан тұтуға, ата-бабаларымызға құрмет көрсетуге және озық дәстүрлерімізді насихаттауға шақыратын мерекелік шаралар 20 наурыз күні «Ұлттық ойындар – ұлт қазынасы» атты спорттық ойындармен жалғасады.


