«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында еліміздің білім беру саласында табысты еңбек етіп, саналы ғұмырын ұстаздық пен елдік іске арнаған ардагер-ұстаздарды ұлықтау жұмыстары жүргізіліп келеді.
29 сәуірде Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Ақжар ауылында 9-10 сынып оқушылары арасында Қазақстан тарихы пәнінен КСРО Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атындағы Республикалық олимпиада өткізілді.
Республикалық олимпиада оқушылардың Қазақстан тарихы пәніне деген интеллектуалды-шығармашылық қабілеттерін айқындау және дамыту, дарынды оқушыларды қолдау, оқушылардың тарих пәнін тереңдетіп оқуына, өткен тарихымызды қастерлеуге және пәнге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Биыл алтыншы рет өткізілген цифрлық форматтағы білім бәйгесінде Түркістан, Қызылорда облыстарынан 22 жас білімгер өз білімдерін сарапқа салды. Білім додасының республикалық кезеңі 3 тур бойынша өткізілді. Ұпай қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған қатысушылар жеңімпаз және жүлдегер атанды.
Ұстаз есімі ұлықталған білім бәйгесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, қаржылай сыйақымен марапатталды. Олимпиадаға қатысушылардың барлығына сертификаттар табысталды.


