Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің педагогикалық мамандық бойынша білім алған үздік түлектері іріктеу тестілеуіне қатысты. «Келешек мектептерінде» жұмыс істеуге 70-тен астам жас педагог ниет білдірді. Тестілеу барысын «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мамандары бақылап, процестің ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етті.
Тестілеуден сәтті өткен түлектердің портфолиосы career.orleu.edu.kz цифрлық платформасына жүктеледі. Бұл жүйе «Келешек мектептерінің» директорларына ғана қолжетімді. Платформа арқылы олар үміткерлерді өңірі, оқытатын пәні және кәсіби біліктілігі бойынша сұрыптап, өз мектебіне сай келетін педагогтерді таңдауға мүмкіндік алады.
Бұған дейін мұндай тестілеу еліміздің 4 жоғары оқу орнында өткізілген. Атап айтқанда, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде, Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде және М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінде. Іріктеу жұмыстары педагог кадрларына сұраныс жоғары өңірлерде жалғасады.


