2025 жылғы 28–31 шілде аралығында Астанада жасөспірімдердің көшбасшылық қабілетін дамытуға бағытталған «Jas Leader Akademiiasy» бағдарламасы аясында тренерлерді оқыту тренингі (ТОТ) өтуде. Бұл – өскелең ұрпақтың құзыреттілігін дамытуда маңызы зор оқиға.
Тренингке «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының өңірлік филиалдары мен Болат Өтемұратов қорының тренерлерінен құралған 60 маман қатысып, бағдарлама ауқымының кеңдігін және өзектілігін көрсетті.

Бағдарлама авторы әрі үйлестірушісі Наталья Бахмутованың айтуынша, «Jas Leader» жобасы бес жылдан бері табысты жүзеге асырылып келеді. Тренингтің басты ерекшелігі – тәжірибеге негізделген оқу форматы. Яғни теория – тәжірибені негіздейтін құрал, ал қатысушылар алған білімдерін бірден іс жүзінде қолданады.
«Бүгінде мектептерде осы бағдарламаны енгізуде «Өрлеу» тренерлері шешуші рөл атқарып отыр. Олар – тыңдаушыларға soft skills пен көшбасшылық мәдениетін жеткізетін негізгі буын», – дейді Бахмутова.

Педагогтер шағын топтарда жұмыс істеп, команда құруға арналған жаттығулардан бастап, белсенді қатысуға негізделген сессияларға дейінгі түрлі тәжірибелік тапсырмаларды орындайды.
Тренингтің негізгі мақсаты – педагогті оқушыны жігерлендіре алатын, оның мүмкіндігін ашуға жол сілтейтін тәлімгер-тренер ретінде қалыптастыру.
Бағдарлама аясында мына бағыттарға айрықша мән беріледі:
– тиімді қарым-қатынас орнату,
– топтық динамикамен нәтижелі жұмыс істеу,
– белсенді тыңдау дағдысын дамыту,
– тілдің мотивациялық құрал ретіндегі ықпалын пайдалану.

Қатысушылар дәстүрлі оқыту мен «Jas Leader» әдістемесінің айырмашылығын талқылап, жасөспірімнің белсенділігі мен жауапкершілігін арттыруға арналған сабақ үлгісін құрастыруды үйренеді.
«Өрлеу» үшін бұл тренинг – педагогтердің кәсіби өсуіне серпін беретін, сондай-ақ бағдарламаны ел мектептерінде кең көлемде енгізуге жол ашатын маңызды қадам.
Бағдарлама көшбасшылық, бастамашылдық, жауапкершілік және командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталып, ХХІ ғасырдағы негізгі құзыреттерді қалыптастырудың тиімді тетігіне айналды.

Барлық қатысушыға толық әдістемелік жинақ табысталады: ТОТ бойынша оқу құралы, тренерлерге арналған әдістемелік нұсқаулық және 5–11 сынып оқушыларына арналған жұмыс дәптерлері.
Тренинг соңында «Өрлеу» тренерлеріне мектептерде көшбасшылыққа арналған факультатив сабақтарын өткізуге құқық беретін арнайы сертификаттар табысталады. Олардың кәсібилігі мен белсенділігі білім беру кеңістігін оң өзгеріске бастайды. Нәтижесінде, оқушылар ХХІ ғасыр дағдыларын меңгеруге нақты мүмкіндік алады