Бүгін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен ҚР Ұлттық банкі елімізде мұғалімдер мен оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған кешенді жобаны іске қосты.
Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен Кембридж университетінің халықаралық сертификатына ие «Өрлеу» тренерлері Ұлттық банктің 100 аймақтық филиалы қызметкерлеріне оқыту әдістемесін үйретеді. Сабақ барысында заманауи коучинг пен фасилитация тәсілдері, топтық жұмыс жүргізу әдістері, сондай-ақ ұлттық қаржы жүйесі, инвестициялар мен қаржыны басқарудың қазіргі үрдістері қарастырылады.

Осы дайындықтан кейін 8 қыркүйектен бастап тараптар бірлесіп, мектеп пен колледждерде «Жаһандық құзыреттілік» пәнінен сабақ беретін 5 627 мұғалімге дәріс өткізеді. Ал 2026 жылы тағы 3 751 педагог қамтылады. 5 күндік арнайы курстан өткен ұстаздар өз пәні аясында оқушыларға қаржылық мәдениетті қалыптастыру негіздерін үйретеді.

Жобаның ашылуында ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерулан Жамаубаев пен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев қаржылық сауаттылықты мектеп бағдарламасына енгізудің стратегиялық маңызын атап өтті. «Өрлеу» БАҰО Басқарма төрағасы А.С.Шилибекова бұл бастамаға қатысушы ұйымдардың жауапкершілігі зор екенін және оның нәтижелері ел болашағына қызмет ететінін айтты.

Бұл бастама – еліміздің білім беру жүйесіне қаржылық сауаттылықты енгізудің маңызды қадамы. Ол қоғамда қаржы пирамидалары мен түрлі алаяқтықтың алдын алып, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. «Өрлеу» мен Ұлттық банктің серіктестігі ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттырып, жас ұрпаққа қаржыны дұрыс басқару дағдыларын дарытуға мүмкіндік береді.