Елімізде мұғалімдер мен оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды жоба жалғасып жатыр. Екі күндік оқыту ҚР Ұлттық Банкінің 45 аймақтық қызметкері заманауи әдістемелерді меңгеріп, сертификатқа ие болды.

Бұл – «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен ҚР Ұлттық Банкінің бірлескен «Қаржылық сауаттылық негіздері» жобасы аясындағы алғашқы нәтиже. Курс Training of Trainers (ToT) форматында өтті. Қатысушылар оқытудың негізгі қағидаттарын, коучинг пен фасилитация әдістерін, топтық жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін меңгерді. Сабақты Кембридж университетінің халықаралық стандарттары бойынша даярланған «Өрлеу» тренерлері жүргізді- Байгаринова Жанна және Абдраманова Қызжібек.

Оқытудың келесі кезеңі 25–26 тамызда қазақ тілінде өтеді. Оған тағы 55 маман қатысып, нәтижесінде Ұлттық Банктің 100 өңірлік қызметкері педагогтерді оқытуға даярланған тренерлер құрамын толықтырады.

Жоба кезең-кезеңімен жалғасады. Қыркүйек айынан бастап мектептер мен колледждерде «Жаһандық құзыреттілік» пәнін оқытатын 6 мыңға жуық педагог бес күндік курстан өтеді. 2026 жылға дейін тағы 4 мыңға жуық мұғалім қамтылады. Бұл бастама – қаржылық мәдениетті білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізуге, сондай-ақ оқушылардың қаржыны тиімді басқару дағдыларын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.