8 қыркүйектен бастап Батыс Қазақстан облысында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен ҚР Ұлттық банкінің бірлескен жобасы аясында «Қаржылық сауаттылық негіздері» курсы басталды.
ҚР Ұлттық банкпен бірлесіп қолға алған бұл бастама аясында 8 қыркүйек пен 28 қараша аралығында өңірдегі мектептер мен колледждерде «Жаһандық құзыреттілік» пәнін оқытатын 380 педагог «Қаржылық сауаттылық негіздері» бағдарламасы бойынша курстан өтеді. Жалпы өңір бойынша 16 курс өткізу жоспарланған.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ «БҚО бойынша КДИ» филиалы директоры С. Измуханбетова курс тыңдаушыларына сәттілік тілеп, курстың өтуіне жағдай жасаған Ұлттық банктің облыстағы филиалының басшылығына алғыс білдірді.
Курс барысында тыңдаушылар топтық жұмыс әдістерін, ұлттық қаржы жүйесі, инвестициялар мен қаржыны басқарудың заманауи тәсілдерін меңгереді. Бұл жоба – қаржылық мәдениетті білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізуге және оқушылардың қаржыны тиімді басқару дағдыларын дамытуға бағытталған нақты қадам.
«Өрлеу» мен ҚР Ұлттық банкінің серіктестігі педагогтердің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың қаржылық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

