«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен «EduContinuum 2025. Педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуының стратегиялары мен технологиялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға Қазақстанның жетекші ғалымдарымен қатар АҚШ пен Ұлыбританияның сарапшылары қатысып, педагогтердің үздіксіз кәсіби білімін арттыруда жасанды интеллектіні қолдану, мұғалімдердің кәсіби құзыреттерін жетілдіру және көшбасшылықты дамыту мәселелерін талқылады.
Негізгі баяндамалар
- Уильям Коуп (Иллинойс университеті, АҚШ) – «Generative AI for Education» тақырыбында білім берудегі жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін ашып көрсетті.
- Том Киддл (Norwich Institute, Ұлыбритания) – ХХІ ғасыр мұғалімдерінің басты құзыреттерін және технологияларды тиімді қолдану тәжірибесін ұсынды.
- Томас Харриотт (Ifield Community College, Ұлыбритания) – мектепішілік кәсіби даму моделін таныстырды.
- Ромео Рамирез (ISTE+ASCD, АҚШ) – мұғалімдерді жасанды интеллектке негізделген ортаға бейімдеудің жолдарын көрсетті.
- Афзал Таджик (Назарбаев университеті, PhD) – педагогтердің кәсіби дамуын басқарудағы көшбасшылықтың маңызын атап өтті.
- Жанат Нұрбекова («Өрлеу» БАҰО, профессор) – білім беру экожүйесінде үздіксіз даму мен жасанды интеллект синтезінің өзектілігін баяндады.
- Алма Мурзалинова (М. Қозыбаев атындағы СҚУ, профессор) – педагогтердің жеке кәсіби траекториясын қалыптастырудың ғылыми негіздерін талдады.
Сонымен қатар, педагогикалық қауым үшін маңызды тақырыптарды қамтыған секциялық отырыстар өтті. Онда тәжірибелі ұстаздар мен сарапшылар заманауи әдістемелерді, цифрлық құралдарды сабаққа енгізу тәжірибесін және білім берудегі жаңа бағыттарды талқылады.
Конференцияға қатысуға 500-ден астам адам ғылыми мақаласын жолдаған. Соның ішінде 80 үздік еңбек іріктеліп, конференция аясында талқыланды. Бұл көрсеткіш педагогикалық қауымның кәсіби дамуға деген жоғары қызығушылығын және білім саласындағы жаңа идеяларға ашықтығын көрсетті.
Іс-шара соңында ғылыми еңбектер мен монографиялардың таныстырылымы өтіп, конференция өз жұмысын ресми түрде қорытындылады.




















