2025 жылғы «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының Атырау облысы бойынша өңірлік кезеңі № 7 орта мектеп базасында салтанатты түрде қорытындыланды.
Бұл ерекше шара — ұлағатты ұстаздарымыздың кәсіби шеберлігін дәріптеп, инновациялық педагогикалық тәжірибелерді ортаға салатын алаң. Білім мен тәрбиенің мазмұнын жаңғырту жолында аянбай еңбек еткен ұстаздардың жетістіктері — баршаға үлгі, шын қуаныш.
Биыл байқауға облыстың түкпір-түкпірінен 710 педагог қатысты. Олар байқау платформасы арқылы өздерінің ғылыми-тәжірибелік жұмыстарын ұсынды — бұл жаңашылдық пен кәсібилікке толы бірегей мүмкіндік.
Өңірлік ұйымдастыру комитетінің сарапшылық кеңесімен:
• Байқау платформасына түсірілген барлық жұмыстар мұқият сарапталды,
• Солардың ішінен 40 үздік жұмыс жеңімпаз деп танылды,
• I дәрежелі дипломдарды иеленген 7 жұмыс республикалық кезеңге жолданатын болды.
Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Сіздердің еңбектеріңіз — білім әлеміне қосылған жарқын үлес, шәкірттердің арман-жолында жаңа бастама.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Маржан Галимжанова I, II, III дәрежелі дипломдарды иеленген ұстаздарға табыстап, оларға ерекше құрмет көрсетті.
Республикалық кезеңге жол алған ұстаздарға табыс, шабыт тілейміз! Шығармашылық пен жаңашылдық жолында жоғары белесті бағындыра беріңіздер.