Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция: «Құсиын Айтқалиұлының педагогикалық мұрасы, заманауи білім мәселелері: бүгіні мен болашағы»

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Халық мұғалімі, көрнекті ағартушы, педагог Құсиын Айтқалиұлының 95 жылдық мерейтойына арналған «Құсиын Айтқалиұлының педагогикалық мұрасы, заманауи білім мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияны «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институты, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті және «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияның негізгі мақсаты – Құсиын Айтқалиұлының өмір жолы мен педагогикалық мұраларын кеңінен насихаттап, ұлттық білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор үлесін айқындау болды.

Алдымен конференция аясында төрт бағыт бойынша секциялық отырыстар өтті:

– Қ. Айтқалиұлының әдістемелік мұрасы, педагогикалық идеялары және ұстаздық жолы;

– Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби дамуына ықпал еткен Құсиын Айтқалиұлы тағылымы;

– Заманауи білім беру мен тәрбие: өзекті мәселелер және адал азамат тұлғасы;

– EdTech дәуіріндегі педагог: цифрлық трансформация және кәсіби даму.

Әр секцияда еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан педагогтер мен ғалымдар қазіргі білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді, цифрлық трансформация үдерістерін және ұстаздық ізденіс пен рухани мұра сабақтастығын талқылады.

Секциялық отырыстардан кейін өткен пленарлық мәжілісте «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Маржан Анесовна Галимжанова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Назарбаев университеті Ұлттық мәдениет орталығының басшысы, «Құрмет» орденінің иегері Гүлтас Сайынқызы Құрманбай, тарих ғылымдарының кандидаты, Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы және Әл-Фараби атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің мұғалімі Айтқали Ақшолпан Құсиынқызы мазмұнды баяндамалар жасап, ұстаздың өмірлік ұстанымы, педагогикалық көзқарасы мен қазақ білім беру саласына қосқан еңбегін жоғары бағалады.

Пленарлық отырыс соңында конференция жұмысына белсене қатысып, өзекті баяндамалар жасаған секция спикерлеріне Алғыс хаттар табысталды.

Бұл республикалық конференция ұстаздық жолға адалдық пен ұлттық құндылықтарды дәріптеу, педагогикалық мұраның сабақтастығын сақтау және заманауи білім жүйесін дамыту бағытындағы маңызды диалог алаңы болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Наши филиалы

OUR BRANCHES

Біздің филиалдар