Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында өткен 2-секция қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби дамуы мен әдістемелік шеберлігін жетілдіруге арналды.
Секцияның модераторы – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Назарбаев университеті Ұлттық мәдениет орталығының басшысы, «Құрмет» орденінің иегері Гүлтас Сайынқызы Құрманбай.
Бұл секцияда ұстаздық миссияны терең ұғыну, тіл мен әдебиет сабақтарында рухани құндылықтарды дарыту және Құсиын Айтқалиұлының педагогикалық тәжірибесінің бүгінгі білім беру үдерісіндегі маңыздылығы кеңінен талқыланды.
Секцияда талқыланған баяндамалар тақырыптары:
• «Ұстаздық миссия: Құсиын Айтқалиұлы тағылымы – кәсіби шыңдалудың бастауы»;
• «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби дамуын ықпал еткен Құсиын Айтқалиұлы тағылымы»;
• «Құсиын Айтқалиұлы тағылымы: қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби дамуына ықпалы»;
• «Қалдырған ізің мәңгілік…»;
• «Өміріме өшпес із қалдырған…».
Секция барысында қатысушылар Құсиын Айтқалиұлының әдістемелік еңбектеріндегі жаңашылдық пен ұлт болашағына бағытталған педагогикалық идеяларын саралап, оның қазіргі мұғалім кәсібіндегі өзектілігін атап өтті. Спикерлердің баяндамаларында ұлағатты ұстаздың шәкірт тәрбиелеудегі ізгілігі, тіл мен әдебиетті оқытудың өмірмен байланысын арттыру жолдары және ұстаздың кәсіби дамуындағы рухани сабақтастық мәселелері кеңінен қамтылды.
Бұл секция Құсиын Айтқалиұлының тағылымды өмірі мен өнегелі еңбегінің бүгінгі педагогтар үшін үлгі боларлық бағыт екендігін тағы бір мәрте айқындады.
Секцияның жұмысы мазмұнды пікір алмасулар мен рухани сабақтастыққа негізделген талқылаулармен аяқталды.