2025 жылдың 10 қарашасында «Жас педагогтің кәсіби дамуындағы тәлімгерлік» тақырыбында жалпы орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру курсы аясында «Алматыкітап» баспасында «Педагог тәжірибесінде күрделіліктің 5–6 деңгейлерінің функционалдық сауаттылығын дамыту үшін тапсырмаларды әзірлеу және қолдану» тақырыбында қалалық семинар өтті.
Семинар аясында:
- «Алматыкітап» баспасының оқулықтары ҚР Оқу-ағарту министрлігінің БҒСБК сараптамасынан өткендігі айтылды;
- Тыңдаушылар «Алматыкітап» баспасының «TopIQ» электрондық оқулықтар платформасымен танысты. Платформа онлайн режімде, ал мобильді қосымшасы офлайн форматта жұмыс істейді;
- Сонымен қатар қатысушылар App Store және Google Play қосымшалары арқылы электрондық ресурстарды ұялы телефон мен кез келген цифрлық құрылғыға жүктеу және өз сабақтарында тиімді пайдалану жолдарын үйренді;
- Тыңдаушылар болашақта өздеріне қажетті цифрлық оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді интернетсіз де қолдана алатынын меңгерді;
- «Алматыкітап» баспасының мультимедиалық қосымшалары мен оқу материалдары интерактивті режімде көпшілікке қолжетімді екені айтылды.
Семинар барысында педагогтер жалпы орта білім беру ұйымдарына арналған өзекті ақпараттармен, жасанды интеллект, анимация, графика және цифрлық оқулықтардың мүмкіндіктерімен танысып, оларды бірлесе зерделеді. Тыңдаушылар білім беру мекемелерінің баспамен өзара іс-қимылының маңыздылығын талқылап, бұл бағытта жоғары нәтижелерге қол жеткізудің тиімді жолдарын қарастырды.
Семинарды ұйымдастырушылар: «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму институтының «Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, тренер Фатима Серікбайқызы, сондай-ақ «Алматыкітап» баспасының PR-бөлімінің бас әдіскері Арайлым Ерболатқызы Ерболат. Семинар жоғары деңгейде өтіп, қатысушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға және заманауи цифрлық ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік берді.

