Бүгін Астанада Орталық Азияда ағылшын тілін оқытуды жеделдетуге арналған білім беру жобасы (Accelerating English Language Learning in Central Asia – AELLCA) шеңберінде «Өрлеу» НҚПК мастер-тренерлеріне арналған бес күндік оқытудың ресми жабылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Салли Аксуорси және «Өрлеу» БАҰО басқарма төрағасы Айдана Шілібекова қатысып, бағдарламаның педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру және елдегі тренерлерді даярлау жүйесін нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.
Бес күн бойы қатысушылар тренерлік құзыреттерді дамытуға, оқу процесін тиімді ұйымдастыруға және заманауи оқыту әдістерін қолдануға бағытталған негізгі модульдерді меңгерді. Бағдарламаның соңғы кезеңінде болашақ мастер-тренерлер микротренинг өткізіп, практикалық дағдыларын және әрі қарай жұмысқа дайындық деңгейін көрсетті.
Тренерлерді оқыту бағдарламасы Norwich Institute for Language Education (NILE) ұйымымен бірлесе әзірленді.
Қатысушылар әдістемелік қолдау алып, бағдарламаның халықаралық стандарттарына сәйкес бағалаудан өтті.
Оқыту қорытындысы бойынша мастер-тренерлерге қатысқандығын растайтын сертификаттар табысталды. Енді олар келесі кезеңге – «Өрлеу» пәндік тренерлерін даярлауға және бағдарламаның практикалық компоненттерін іске асыруға кіріседі. Бұл жұмыстар 2026 жылдың басында басталады.

