Бүгін Астана қаласында Орталық Азияда ағылшын тілін оқытуды жеделдетуге бағытталған AELLCA (Accelerating English Language Learning in Central Asia) білім беру жобасы аясында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының шебер-тренерлеріне арналған бес күндік оқыту бағдарламасының ресми жабылу рәсімі өтті.
Шараға Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Салли Аксуорси мен «Өрлеу» АҚ Басқарма төрағасы Айдана Шилибекова қатысып, аталған бағдарламаның педагогтердің кәсіби әлеуетін көтерудегі және елімізде тренерлерді даярлау жүйесін жетілдірудегі маңызын атап өтті.
Бес күндік оқыту барысында қатысушылар тренерлік құзыреттерді дамыту, оқу үдерісін тиімді жоспарлау және заманауи оқыту әдістерін қолдану бағытындағы негізгі модульдерді меңгерді. Бағдарламаның қорытынды кезеңінде болашақ шебер-тренерлер микротренинг өткізіп, өздерінің практикалық дағдыларын көрсетті.
Тренерлерді оқыту бағдарламасы Norwich Institute for Language Education (NILE) ұйымымен бірлесе әзірленіп, қатысушылар кәсіби-әдістемелік қолдау алды, халықаралық стандарттарға сәйкес бағалаудан өтті.
Оқыту қорытындысы бойынша тренерлерге қатысқандығын растайтын сертификаттар табысталды. Шебер-тренерлер 2026 жылдан бастап Өрлеудің пәндік тренерлерін даярлауға және бағдарламаның практикалық компоненттерін жүзеге асыруға кіріседі.




