Атырауда «The Ulytau Educational Foundation» Қоғамдық қоры және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтының бірлесіп ұйымдастыруымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара мансаптық білім беру жүйесіндегі өзгерістерді, өңірлік сын-қатерлерді және оларды еңсерудің жаңа тәсілдерін талқылауға мүмкіндік берді. Өткен халықаралық конференция педагогтар, сарапшылар, жұмыс берушілер және білім беру ұйымдары арасындағы кәсіби диалог алаңына айналып, оған өңірдің 300-ден астам педагогы, мектеп директорлары, кәсіби бағдар мамандары, сондай-ақ отандық және халықаралық сарапшылар қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтудің маңызын атап өтті. Осы ретте «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Галимжанова Маржан Анесовна қазіргі жағдайдағы негізгі міндеттердің бірі ретінде мектеп пен өндіріс байланысын атап өтіп:
«Елдің экономикалық дамуы азаматтардың кәсіби құзыреттілігімен тікелей байланысты. Мектептерде кәсіби бағдар беруші педагогтердің болуы мен жаңа технологияларды қолдану оқушыларға болашақ мамандығын саналы таңдауға нақты мүмкіндік береді», – деді.
Сонымен қатар кәсіби бағдарлаудың стратегиялық рөлі туралы «The Ulytau Educational Foundation» Қоғамдық қорының директоры Марина Марсовна Хан өз ойымен бөлісті:
«Өмір бойы білім алу дәуірінде мектептегі кәсіби бағдар жұмысының рөлі бұрынғыдан да маңызды. Заманауи кәсіби бағдарлау әдістемесін меңгерген мамандарды даярлау – мемлекеттің тұрақты дамуы үшін шешуші фактор. Бизнес, білім беру ұйымдары және мемлекеттік құрылымдардың күшін біріктіру – бүгінгі күннің талабы».
Конференция өңірде мансаптық білім беруді жүйелі дамытуға жаңа серпін беріп, кәсіби бағдарлау саласындағы тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік берді. Шара барысында ұсынылған озық тәжірибелер мен бастамалар білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы тұрақты серіктестікті нығайтуға бағытталған жаңа қадамдарды айқындап, педагогтер мен сарапшылар үшін кәсіби диалогтың маңызды алаңына айналды.

