Қырғыз Республикасының делегациясы Қазақстанға келіп, еліміздің білім беру жүйесін дамытудағы заманауи тәсілдермен, инновациялармен және озық тәжірибемен танысты.
Делегация өкілдерін ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова қарсы алып, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа форматтағы мектептердің жұмысын таныстырды. Олар Алматы қаласындағы №214 «Келешек мектебінде» болды.
Кездесу барысында Майра Мелдебекова Қазақстанның білім беру жүйесін дамытудың негізгі басымдықтары жөнінде де кеңінен ақпарат берді. Атап айтқанда, педагог мәртебесін арттыру, мұғалімдерді аттестаттау жүйесін жетілдіру және оқу процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері сөз болды.
Делегация мүшелері инновациялық білім беру моделінің негізгі ерекшеліктерімен танысты. Жоба білім сапасын арттыруға, қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған. Келешек мектептерінде жасанды интеллект, робототехника заманауи технологиялар енгізуге, математика пәнін тереңдетіп оқытуға, STEM-зертханаларын дамытуға басымдық берілуде. Сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балалардың білімге тең қолжетімділігіне айрықша назар аударылған. Оқушылардың бойында жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жүзеге асырылуы таныстырылды.
Айта кетейік, ұлттық жоба аясында Алматы қаласында жаңа форматтағы 21 мектептің құрылысы жоспарланып, оның ішінде 13 мектеп пайдалануға берілді.

