«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ ұйымдастыруымен жаратылыстану-математикалық, тілдік және бастауыш білім беру бағыттары бойынша қызмет ететін 64 пәндік тренерге арналған ауқымды оқыту үдерісі басталды. Оқыту бағдарламасын British Council Kazakhstan және NILE ұйымдарының жетекші сарапшылары жүргізіп жатыр.
Аталған кәсіби даму курсына Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институты Оқу жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Нурмуханова Бибигүл Сәрсенқызы, Жаратылыстану-математикалық бағыттағы кафедраның аға оқытушылары Тажиева Гүлмира Қапановна және Дүйсенова Меруерт Мадениетовна қатысып, өз құзыреттіліктерін арттыруда.
Бағдарламаның басты мақсаты – каскадтық оқыту тетігі арқылы тренерлердің кәсіби өсуін жүйелі түрде қолдау. Курстың мазмұны педагог-тренердің қызмет ерекшеліктері, ересектерді оқыту әдістері, оқу материалдарын тиімді құрылымдау, фасилитация дағдылары, рефлексия жүргізу тәсілдері және микротренинг ұйымдастыру тәжірибесін қамтиды.
British Council және NILE мамандары әзірлеген бұл бағдарлама тренерлердің практикалық дағдыларын тереңдетуге бағытталған. Оқыту аяқталғаннан кейін қатысушылар арнайы бағалау кезеңінен өтіп, халықаралық деңгейде мойындалған сертификатқа ие болады.

