«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының MOOC цифрлық платформасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагогтерге арналған тегін онлайн-курс іске қосылды. Оқу бағдарламасын Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ЮНИСЕФ-тің қолдауымен әзірлеген. Бағдарламаны әзірлеуге инклюзивті білім беру саласындағы жетекші шетелдік мамандар тартылды.
Курс аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен тиімді қарым-қатынас құру және педагогикалық қолдау мәселелері қамтылады. Оқу қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.
Қазақстанның кез келген өңіріндегі педагогтер оқуға қатыса алады. Ол үшін https://mooc.orleu.edu.kz/courses/ платформасында тіркелу қажет. Айта кетейік, инклюзивті білім беру бойынша педагогтердің кәсіби құзыреттерін дамыту және оларды даярлау бағытындағы кешенді жұмыс жалғаса береді.

