Алматы қаласы бойынша «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен №217 мектептің базасында «Біртұтас (ұйымшыл) команда – жайлы мектеп» тақырыбында команда құруға арналған тренинг өтті. Іс-шара педагогтер арасында тиімді қарым-қатынас орнатуға, бірлескен жұмыс мәдениетін дамытуға және білім беру ұйымында қолайлы, қолдаушы орта қалыптастыруға бағытталды.
Тренинг барысында қатысушылар командалық жұмыстың маңыздылығы, сенімге негізделген өзара әрекеттестік, көшбасшылық қасиеттерді дамыту және жауапкершілікті тиімді бөлу мәселелері бойынша практикалық тапсырмалар орындады. Интерактивті жаттығулар педагогтерге бір-бірін тереңірек танып, ортақ мақсатқа жұмыла жұмыс істеудің тиімді жолдарын тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік берді.
Аталған іс-шараны «Өрлеу» Кәсіби даму институтының аға оқытушылары Сандуғаш Көмекова мен Назерке Қарабалаева жүргізді. Тәжірибелі тренерлер қатысушылармен еркін форматта жұмыс жүргізіп, кәсіби тәжірибеге негізделген әдістемелік ұсыныстар мен практикалық кеңестер ұсынды.
Тренинг педагогтердің кәсіби ынтымақтастығын нығайтып, ұжымдағы жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыруға, сондай-ақ «жайлы мектеп» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға өз үлесін қосты.




