Бүгін Алматы қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Қ.Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектеп базасында «Ұйымшыл команда — келешек мектеп» тақырыбында тренинг ұйымдастырылды.
Іс-шара қазақ және орыс тілдерінде арнайы топтарға бөлініп өткізілді. Барлығы үш топ жұмыс жасап, жалпы саны 60 педагогтың қатысуымен өтті. Бұл формат қатысушыларға өзара тиімді байланыс орнатуға, тәжірибе алмасуға және әртүрлі кәсіби мәселелерді бірлесіп талқылауға мүмкіндік берді.
Тренингті Алматы қаласы бойынша «Өрлеу» Кәсіби даму институтының аға-оқытушылары — Асель Сабиханова, Алмагуль Ыбышева және Виктория Кайдакова жүргізді. Оқытушылар практикалық мысалдар мен нақты жағдайларды пайдалана отырып, педагогтердің командалық жұмыс дағдыларын жетілдіруге бағытталған әртүрлі жаттығулар ұйымдастырды.
Тренингтің басты мақсаты — мектеп ұжымында ұйымшылдықты нығайту, педагогтердің бірлескен жұмыс мәдениетін дамыту және білім беру процесін тиімді басқаруға бағытталған тәжірибелік дағдыларын арттыру болды. Қатысушылар практикалық жаттығулар арқылы командалық жұмыстың негізгі қағидаларын меңгеріп, топ ішінде тиімді қарым-қатынас құру әдістерін үйренді, сондай-ақ өз тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік алды.
Іс-шара барысында педагогтер әртүрлі сценарийлер бойынша топтық талқылаулар жүргізіп, ұйымшылдыққа кедергі келтіретін мәселелерді анықтап, оларды шешудің тиімді жолдарын іздеді. Сонымен қатар, қатысушылар мектептегі қолайлы жұмыс ортасын құру, қызметтестер арасындағы сенім мен ынтымақтастықты нығайту бағытында практикалық кеңестер алды.
Тренингтің қорытындысында қатысушылар ұйымшылдық пен бірлікті арттыруға, кәсіби байланыстарын нығайтуға, сондай-ақ мектептегі қолдаушы, жайлы және тиімді жұмыс ортасын қалыптастыруға бағытталған нақты тәжірибелік дағдыларға ие болды. Бұл іс-шара педагогтердің кәсіби өсуіне, мектептегі жалпы атмосфераны жақсартуға және білім беру сапасын арттыруға елеулі үлес қосты.














