Бүгін, «Самара мемлекеттік әлеуметтік-педагогикалық университеті» мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «БҚО бойынша кәсіби даму институты» филиалы арасындағы ынтымақтастық меморандумы аясында «Жасанды интеллект негізіндегі арнайы және инклюзивті білім берудің тиімді практикалары» жобасын іске асыру бойынша екінші бағдарлау вебинары өтті.
Жоба Самара мемлекеттік әлеуметтік-педагогикалық университеті тарапынан ғылыми жетекші – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, мүгедектігі бар және денсаулық мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды оқыту бойынша ресурстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Л.А. Ремезова жетекшілігімен жүзеге асуда.
Ал «Өрлеу» БАҰО» АҚ БҚО бойынша КДИ тарапынан ғылыми жетекші – филиал директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты С.С. Измуханбетова. Жобаның әкімшілік сүйемелдеу жұмысын директордың орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі К.И. Байкатова атқарады.
Вебинардың негізгі мақсаты – жоба командасының қатысушыларын алдағы жұмысқа бағыттап, арнайы және инклюзивті білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын интеграциялау моделін әзірлеуге қатысты зерттеу тақырыбы мен мақсатын нақтылау болды.
Кездесу барысында қатысушыларға тәжірибенің атауын таңдау, оған қысқаша сипаттама беру, негізгі мәселе мен тәжірибенің мәнін анықтау бойынша нақты ұсыныстар берілді. Сонымен қатар мақсатты топты (білім алушылардың нозологиялық тобы, жасы, білім алу қажеттіліктері, даму деңгейі) жүйелі түрде сипаттау жөнінде әдістемелік нұсқаулықтар ұсынылды.
Жоба аясында 2026 жылы арнайы және инклюзивті білім беру тәжірибесінде педагогтердің кәсіби қызметінің түрлі бағыттары бойынша нейрожелілерді тиімді қолдануға арналған тұрақты семинарлар мен курстар өткізу жоспарлануда. Бұл бастама педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттырып, ерекше білім беру қажеттілігі бар білім алушыларды қолдаудың заманауи мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.




