Бүгін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында ҚР Әділет министрлігі өкілдерінің қатысуымен жаңа Конституцияның жобасын талқылауға арналған кездесу өтті. Талқылауға бейнеконференция арқылы «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының ұжымы да қатысты.
Кездесу барысында ҚР Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының сарапшылары баяндама жасап, ұсынылып отырған Конституция жобасының негізгі қағидаттары мен тұжырымдамалық бағыттарына кеңінен тоқталды.
Спикерлер конституциялық өзгерістердің мемлекеттік құрылымның негіздерінен бастап, жария билікті ұйымдастыру, сот төрелігі мен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге дейінгі мәселелерді қамтитынын атап өтті. Сондай-ақ құжаттың ашық форматта әзірленіп, бірнеше ай бойы қоғамдық талқылаудан өткені және «Әділетті Қазақстан» қағидатына негізделген құндылықтар жүйеленіп көрсетілгені туралы айтылды.
Талқылау барысында білім, ғылым және инновацияны дамыту конституциялық деңгейде ел дамуының стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалатыны атап өтілді. Бұл қағидат адами капиталды нығайтуға бағытталған жүйелі тетіктерді бекітуге негіз болады.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар ұсынылған өзгерістердің білім беру саласының сапалы дамуына ықпал ету мүмкіндігін атап өтіп, бастамаларды кәсіби ортада одан әрі талқылаудың маңыздылығына назар аударды.




