Батыс Қазақстан облысында «Білім берудегі тәлімгерлік» жобасы аясында облыстық семинар ұйымдастырылды. Іс-шара 2025–2029 жылдарға арналған «Өрлеу» БАҰО» АҚ «БҚО бойынша КДИ» филиалының стратегиялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан «Өрлеумен бірге өрле» жобасының бір бөлігі болып табылады. Жобаның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарындағы педагогикалық сабақтастықты нығайту және жас мамандардың кәсіби қалыптасуына жүйелі қолдау көрсету.
Семинар «Менторинг – кәсіби тәжірибені тарату және жас педагогті қолдаудың практикалық алаңы» тақырыбында өтті. Бағдарлама аясында қатысушылар «Менторинг: кәсіби дамудың тәжірибеге негізделген моделі», «Жас педагогтің кәсіби қиындықтарын диагностикалау және менторлық маршрут құру», «Менторинг нәтижесін өлшеу: кәсіби өсу динамикасын тіркеу» бағыттары бойынша тәжірибелік және теориялық ақпарат алды. Спикерлер тәлімгерлік үдерісінің тиімді тәсілдерін ұсынып, қатысушылар практикалық кейстер арқылы өз дағдыларын жетілдірді.
Семинарға қала және аудан мектептерінен тәлімгерлер мен жас педагогтер қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, бұған дейін 2026 жылғы 16 қаңтарда өткен семинарда көтерілген коучингтік құзыреттілікті дамыту мәселелері де жалғасын тапты. Аталған іс-шаралар педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, өңірдегі тәлімгерлік мәдениетті жүйелі түрде дамытуға ықпал етуде.




