Бүгінде Сыр өңірінің цифрландыру саласында жаңа жобалар жүзеге асып, сандық жүйенің көкжиегі кеңейіп келеді. 2019 жылы Қызылорда қаласының сол жағалауында бой көтерген IT PARK технопаркінде 500-ге жуық студент білім алуда. Одан бөлек, орталық 2022 жылдан бастап Өзбекстан мемлекетімен тығыз байланыс орнатып, екіжақты келісім жасалған. Осы арқылы шет елдердің цифрлық технологиялар саласының үздіктерімен тәжірибе алмасу көзделіп отыр.
«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалы мен «GRAND master Бағдарламалау мектебі» ЖШС-і арасындағы ынтымақтастықты және әріптестікті нығайту туралы Меморандумға қол қойылды.
Келісімнің мақсаты – екіжақты ынтымақтастықты және әріптестік байланысты нығайтып, білім беру ұйымдарының ақпараттық технология мамандарына, информатика пәні мұғалімдеріне біліктілік арттыру курстарын жүргізу, IT саласының үздіктерімен тәжірибе алмасу.
Меморандум шеңберінде бірлескен аналитикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, білім беру, кәсіби іс-шаралар өткізу, оның ішінде педагогтер үшін цифрлық сауаттылық мәселелері бойынша түсіндіру және оқыту шараларын жүргізу, бағалау құралдарын әзірлеуде өзара іс-қимыл жоспарлануда. Аталған Меморандум «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалы мен «GRAND master Бағдарламалау мектебі» ЖШС-і арасындағы бірлескен жобалардың бастамасы болатынына сенеміз!


