Тараз қаласындағы №54 орта мектебінің базасында «Ұшқын» фокус тобының жұмысы жалғасуда. «Өрлеу» – Жамбыл филиалының жаратылыстану және гуманитарлық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы, филология магистрі Карымбаева Сағадат фокус тобымен бірге Lesson study-дің бірінші циклын өткізді. Модератор ретінде алғашқы циклдың сабағы жоспарланды. Сабақ жоспарлану барысында сыныпты зерттеу тақырыбына негізделген тиімді оқытудың бірлескен оқу тәсілі таңдалды. Топтық жұмыс бойынша фокус тобының бақылаушыларына алдын ала нұсқау берілді, әдістемелік қолдау көрсетілді. Тәжірибе барысында көрсеткендей, бақылаушылар мен сарапшылар сабақты зерттеу тәсіліне сай оқушылардың оқуын бақылады, бақылау сабақтарының соңында рефлексия жасады. Талқылау барысында С деңгейіндегі оқушылардың топтық жұмысқа дағдыланбағаны, В деңгейдегі оқушылардың дербес оқуға бейімделмегені, ал А деңгейдегі оқушылардың топ ішінде көшбасшылық дағдылары қалыптаспағаны анықталды. Сабақты зерттеудің келесі циклында осы кедергілерді жақсартудың келесі тәсілдері жоспарланатын болады.
Айша Тулекова, ЖжГПОӘ кафедрасының аға оқытушысы