5 маусымда Қостанай облысы бойынша «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалында «Orleu-Ustazedu»: «Білім берудегі STEAM және ЖИ (жасанды интеллект) практикасы» республикалық подкаст бойынша қорытынды іс-шара өтті. Жобаның ұйымдастырушысы болып табылатын «Өрлеу-Қостанай» филиалы 1-30 сәуір аралығында Қазақстанның түкпір-түкпірінен педагогтардың білім беру подкасттарын қабылдады.
Подкастарда қатысушылар STEAM және жасанды интеллектті оқу-тәрбие үдерісіне енгізу практикасын көрсетіп, оқытудың сапасын жақсарту, креативтілікті ынталандыру және болашақ дағдыларын дамыту сияқты көптеген артықшылықтарды паш етті. Қорытынды іс-шарада педагогтер өз жұмыстарын шеберлік сыныптары форматында ұсынып, осы тұжырымдамаларды оқу практикасына енгізу үшін практикалық құралдармен бөлісті.
STEAM-білім беру аясында жобалық оқытудың бір бөлігі ретінде оқушылар әртүрлі пәндер бойынша білімдерін қолдануды талап ететін күрделі жобалармен жұмыс істейтін квесттер болуы мүмкін. Қостанай құрылыс колледжінің математика пәнінің оқытушысы Олеся Синько Джойтека білім беру платформасында веб-квесттер құру бойынша шеберлік сыныбын өткізді. К. Доненбаева атындағы кәсіби-техникалық колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Галина Дроженко өз шеберлік сыныбында дәстүрлі атрибуттарды пайдаланбай-ақ білім беру квестін қалай құруға және ойындық нарративті енгізуге болатынын айтты. Іс-шара қатысушылары “Гарри Поттер” фильміндегі мантия-жамылғысы, ұлттық бас киімдер және әскери каска сияқты атрибуттарды пайдалана отырып, шағын тапсырмалар жасай алды.
Сонымен қатар «Orleu-Ustazedu” подкастында Қазақстанның Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстарынан спикерлеріміз болды.
Бірнеше шеберлік сыныптар жасанды интеллектті практикалық қолдану тақырыбына арналды. «Озат» МАТМЛИ және Қостанай ауданының Надеждин мектебінің биология пәні мұғалімдері Жұлдызай Төлеміс және Әсел Зарлықанова, Қостанай қаласының №15 жалпы білім беретін мектебінің Салтанат Маженова және Анар Темірғалиева, сондай-ақ Қостанай қаласының №17 мектебінің мұғалімі Әлия Оразбекова Copilot, Gamma, Curipod, Gemini, Prezo және басқа да пайдалы құралдар сияқты әртүрлі қосымшалар мен сайттардың жұмысын көрсетті.
Жасанды интеллект негізіндегі бұл платформалар оқу материалдарын әзірлеуге, күнделікті тапсырмаларды автоматтандыруға және оқушылармен өзара әрекеттесуді жақсартуға көмектеседі, аудио және визуалды элементтері бар тапсырмаларды жасауға және мәтіндік тапсырмалармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл білім беру процесінің сапасы мен әртүрлілігін едәуір арттырады.
Математикалық 3D куб жұмбағы оқушылардың кеңістіктік ойлауын дамытуда тиімді құрал бола алады. Бұл маңызды аспект туралы Қарасу ауданының Амангелді орта мектебінің мұғалімі Әділ Шаяхметов айтты. Педагог Марат Жолдыбек “География сабақтарындағы STEAM практикасы” атты шеберлік сыныбында оқытуды көрнекі және интерактивті ететін әртүрлі симулятор қосымшаларын қолдануды көрсетті.
«Orleu-Ustazedu» заманауи оқыту әдістерінің білім беру ортасын қалай шабыттандырып, өзгерте алатынының жарқын үлгісіне айналды. Мұндай бастамалар педагогтарға жаңа тәсілдерді меңгеруге ғана емес, сонымен қатар оқу процесіне қатысушылардың біліктерін дамытып, оларды заманауи әлемнің сын-тегеуріндеріне дайындауға ықпал етеді. Ең үздік подкасттар озық тәжірибені тарату және педагогикалық қауымдастық арасында білім алмасу үшін әрі қарай пайдаланылатын болады.